Жоғары температураның әсерінен Жамбыл, Павлодар және Түркістан облыстарындағы цементбетон жабындысы бар жол учаскелерінде ақаулар анықталды. Жол қызметтері зақымданған бөліктерді жедел қалпына келтірді, деп хабарлайды Qandastar.kz ақпарат агенттігі.
18 шілдедегі мәлімет бойынша, жалпы ұзындығы 1 636,5 шақырым жол учаскесіне тұрақты бақылау жүргізіліп жатыр. Жоспарлы тексеру барысында үш өңірдегі алты жол бөлігінде температура әсерінен болған деформациялар тіркелген.
«Қазавтожол» мамандары ақаулар анықталған аумақтарға арнайы техника мен жол бригадаларын дереу жіберген. Жөндеу жұмыстарына 51 жол қызметкері тартылып, қажетті техника пайдаланылған.
Ведомствоның мәліметінше, барлық анықталған ақаулар қысқа мерзімде жойылып, көлік қозғалысының қауіпсіздігі қамтамасыз етілді. Қазір жол қызметтері аптап ыстыққа байланысты күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр.
Мамандардың айтуынша, ыстық күндері цементбетон жол жабынының температурасы +60…+70 °C-қа дейін көтерілуі мүмкін. Соның салдарынан бетон плиталарында ішкі кернеу пайда болып, бұл әлемнің көптеген елдерінде кездесетін қалыпты құбылыс саналады.



