
Алматы облысының Қонаев қаласында Қапшағай су қоймасында демалып жүрген 23 жастағы жігіт қауіпті жағдайға тап болды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Оқиға судағы «банан» аттракционында сырғанау кезінде болған. Ер адам суға құлап, қолын шығарып алғандықтан өздігінен жағаға жете алмаған.
Осы сәтте жағалауды патрульдеп жүрген ТЖМ жедел-құтқару жасағының қызметкерлері оны дер кезінде байқап, судан алып шықты. Зардап шеккен азамат жағаға жеткізіліп, кейін жедел жәрдем бригадасына тапсырылды.
Төтенше жағдайлар министрлігі тұрғындар мен демалушыларға судағы қауіпсіздік ережелерін сақтап, аттракциондарды пайдалану кезінде сақ болуға шақырды.



