
Алматы облысындағы Карнизный шыңында тауға көтерілген турист тас көшкініне тап болып, аяғы мен бетінен жарақат алды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Оқиға 4500 метр биіктікте болғандықтан, зардап шеккен адам таудан өздігінен түсе алмай, оның нақты орналасқан жері белгісіз болған.
Оқиға орнына Қонаев қаласының жедел-құтқару жасағы, ТЖМ-нің «Барыс» республикалық құтқару қызметі және Алматы қаласы ТЖД құтқарушылары жұмылдырылды. Іздестіру жұмыстары барысында туристтің орны анықталды.
Жедел эвакуациялау үшін «Қазавиақұтқару» тікұшағы тартылып, зардап шеккен азамат Боралдай әуежайына жеткізілді.
Оны Апаттар медицинасы орталығының дәрігерлері қабылдап, кейін Алматыдағы қалалық клиникалық ауруханаға жеткізді.



