Әлеумет және қоғамЖаңалықтарСпорт

“Қайрат” – “Ордабасы” матчы алдында полиция жанкүйерлерге үндеу жасады

Алматы полициясы көптен күткен футбол кездесуі алдында жанкүйерлерді қоғамдық тәртіпті сақтауға және спорттық мәдениетті ұстануға шақырды. Матч кезінде қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция мен Ұлттық ұланның күшейтілген жасақтары жұмыс істейді.

Алматы қаласының полиция департаменті “Қайрат” пен “Ордабасы” командалары арасындағы футбол матчы алдында жанкүйерлерді қоғамдық тәртіпті сақтауға шақырды, — деп хабарлайды Qandastar.kz сайты  Polisia.kz порталына сілтеме жасап.

Көптен күткен кездесуге мыңдаған көрермен жиналуы мүмкін. Осыған байланысты стадион маңында қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан сарбаздары және басқа да арнайы қызмет өкілдері күшейтілген режимде жұмыс істейді.

Сондай-ақ стадион аумағында және оған жақын жерлерде бейнебақылау жүйелері арқылы бақылау жүргізіледі. Құқық қорғау органдары жанкүйерлер арасында жанжалдың алдын алуға ерекше көңіл бөлетінін мәлімдеді.

Полиция көрермендерді арандатуға ермеуге, заң талаптарын сақтауға және қарсылас команда жанкүйерлеріне құрметпен қарауға шақырды. Агрессиялық әрекеттер, тыйым салынған заттарды пайдалану, балағат сөздер айту және қоғамдық тәртіпті бұзу заң аясында бағаланатыны ескертілді.

Алматы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Тимур Ноғайбаев жанкүйерлерді матчты спорттық мәдениет аясында тамашалауға шақырды.

«Алматыға қолдау көрсету үшін келген барлық жанкүйерді қуана қарсы аламыз. Басты мақсатымыз — кездесудің әдемі ойынмен, жағымды эмоциялармен және өзара құрметпен есте қалуы. Нағыз жанкүйер өз командасын қолдауымен және қарсыласқа деген сыйластығымен ерекшеленеді», — деді ол.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button