Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Қарағанды облысында қасбет құлап жарақат алған баланың жағдайы жақсарды

Бұқар жырау ауданында ғимарат қасбетінің бөлігі басына құлаған балаға күрделі ота жасалып, қазіргі таңда жағдайы тұрақтанып келеді. Дәрігерлер оны медикаментоздық ұйқыдан шығару мәселесін қарастыруда, ал тергеу жұмыстары жалғасып жатыр.

Қарағанды облысының Бұқар жырау ауданында ғимарат қасбетінің бір бөлігі басына құлаған бала қазір біртіндеп оңалып келеді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлады.

Баланың анасының айтуынша, оқиға кезінде оның бас сүйегі қатты зақымданған. Дегенмен дәрігерлер дер кезінде көмек көрсетіп, күрделі операция жасаған. Ота барысында баланың жағдайы ауыр болып, жүрегі тоқтап, қан қысымы төмендеген. Сонымен қатар ол шамамен бір литр қан жоғалтқандықтан, оған қан құйылған.

Қазір баланың жағдайы тұрақтанып келеді. Анасының сөзінше, ол көзін ашып, саусақтарын қимылдата бастаған, бұл – оң өзгерістің белгісі.

Дәрігерлер қазіргі уақытта баланы медикаментоздық ұйқыдан шығару мәселесін талқылап жатыр. Егер ерте оятса, ол ауырсынуды қатты сезініп, шок алуы мүмкін. Сондықтан бұл шешім консилиум арқылы қабылданады. Кейін баланы облыстық балалар ауруханасына ауыстыру мәселесі де қарастырылмақ.

Еске салайық, бұған дейін мәдени нысанның қасбетінің бір бөлігі құлап, баланы жарақаттағаны хабарланған еді. Қазіргі таңда бұл оқиға бойынша полиция тергеу жүргізіп жатыр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button