Жаңалықтар

Қазақ тілі қорына жиналған қаржы қалай игеріледі

 

«Қазақ тілі» қоғамын қабылдап алғанымда шотында 29 мың теңге ғана жатты»

 

— Эндаумент қоры – дүниежүзінде кеңінен қолданылып келе жатқан құрал. Әлемдегі ең үлкен эндаумент қоры – Жапонияның «Ғылым және технологиялар қоры». Ол қорға 80 млрд доллар жиналған. Гарвард университетінің эндаумент қорында 50 млрд доллар бар. Мұның бәрі – сол қордың мақсатына, миссиясына сенетін, оған өз үлесін қосқысы келетін кәсіпкерлердің, ұйымдардың, жеке адамдардың жасаған үлесінен құралған қаражат. Мысалы, Гарвардтың мықты түлектері көп. Солар университетті қолдауға қаражат аударады.

Эндаумент қорының басқа қорлардан айырмашылығы – қорға түскен қаражат жұмсалмайды. Ол қаражат басқарылады. Басқарудың ең қарапайым мысалы – банк депозиті. Қаражат депозитке салынады да, содан түскен табыс қана жұмсалады. Осы тетікті «Қазақ тілі» қоғамының ұзақ мерзімді тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге қолданғымыз келеді. Біз Қоғам жұмысын қабылдап алғанда шотындағы бар қаражат 29 мың теңге еді. Қоғамдық ұйым болғаннан кейін мемлекет оны тікелей қаржыландыра алмайды. Сондықтан осындай қоғамдық және әлеуметтік маңызы бар мақсатқа жұмыс істейтін ұйымдардың қаржыландыру тетіктерін зерттедік.

Өткен жылдың қазанында Президент қабылдауында болдым. Сол кездесуде «Қазақ тілі» қоғамының даму жоспары егжей-тегжей талқыланды. Оның ішінде қазақ тіліндегі мазмұнды дамыту, қазақ тілін оқыту әдістемесін жетілдіру, қазақ тілінің қолданысын жеңілдететін технологиялық шешімдерді көбейту жайы айтылды. Оның бәрі керек. Бірақ сол «керектерді» іске асыру үшін қаражат керек. Мемлекет барлық мақсатқа жеке-жеке, арнайы қаражат бөле алмайды. Соны шешу амалы ретінде эндаумент идеясын ұсындық. Мемлекет басшысы, әрине, мұндай тетікпен таныс. Ұсынысты қолдады. Бірінші болып өзінің жеке қаражатынан үлес қосу туралы шешім қабылдады. Эндаумент қоры тіркеуден өткеннен кейін бірден жеке қаражатынан 7 млн теңге аударды. Мемлекет басшысының бұл амалы бізге зор қолдау болды. Қаражаттан бұрын бұл жаңалықтың символикалық маңызы зор. Бұл — ірі кәсіпкерлерге, мекемелерге, жанашыр ортаға жақсы белгі болды. Осыдан кейін адамдар жеке хабарласып, бірі жария түрде, кейбірі үндемей-ақ қаражат аудара бастады.

Бұл қорды басқарудың тетігін айттым. Түскен қаражатты жұмсамаймыз. Оны басқарудан түскен табысты ғана игереміз. Ал ол қалай басқарылатынын, тетіктерін эндаумент қорының қамқоршылар кеңесі шешеді. Қамқоршылар кеңесінде түрлі сала, соның ішінде тіл мамандары да бар. Осы қордың жұмысына атсалысқысы келетін әр саладағы қайраткерлер де кіреді. Біздің қордың әрі қарай қанатын кеңге жайып кетуіне қажет ең маңызды нәрсе – абырой. Қоғамның сенімі болмаса, қор тұрақты жұмыс істей алмайды. Ол қордың қамқоршылар кеңесіндегі адамдардың деңгейіне, тәжірибесіне байланысты.

— Қамқоршылар кеңесінде ел танитын, сенім арта алатын қаржыгерлер бар ма? Инвестициялық саясатты кім айқындап отырады? Салынған ақшаның есебін қалай жүргізіп отырмақшысыздар? Қорға ақша аударған адамдар қаражаттың қандай жобаға, қандай депозитке салынғанын қайдан көріп отырады?

— Қазақстанның қазіргі заңнамасында «эндаумент» туралы түсінік жоқ. Ілгері дамыған көп елде, тіпті Ресейдің өзінде арнайы заң бар. Біздің елге де осындай заң қажет. Қазір ондай заңның жобасы талқыланып жатыр. Арнайы заң болмаса да, жұмысты жылдам бастау үшін өзіміздің заң аясында Qazaq Tili Endowment Qory деп атын қойып, қатардағы қоғамдық ұйым ретінде тіркедік.

Сонымен қатар, эндаумент талабына сай болу үшін Астана халықаралық қаржы орталығына жүгіндік. Ол орталық ағылшын заңымен жұмыс істейтінін білесіз. Ағылшын заңында эндаумент туралы түсінік бар және эндаументті басқару талаптары да жазылған. Сондықтан біз арнайы заң фирмасына тапсырыс беріп, Астана қаржы орталығына қорымызды тіркеуге жібердік. Ол – күрделі процесс. Қазір сол заң фирмасы біздің Жарғымызды жазып жатыр. Өз ережемізді, қамқоршылар кеңесінің, инвестициялық комитеттің жұмыс ережесін дайындайды. Бұл жұмыс әлі аяқталған жоқ. Әзірше Қазақстан заңнамасына сәйкес, қоғамдық қор ережелеріне сәйкес жұмыс істеп жатырмыз.

Qazaq Tili Endowment Qory-ның жалғыз құрылтайшысы – Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы. Қорға түскен қаражат ешқайда жұмсалмайды. Бірақ қор тіркеліп, алғашқы табысы түскенін күтіп отыра алмаймыз. Түрлі шара өткізіп, ойға алған жобаларды іске асыру керек. Оның бәрін біздің Bilim Media Group есебінен жасап жатырмыз. Өйткені. Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының есебінде әзірше ақша жоқ.

Қамқоршылар кеңесіне кімді аласыздар дегеніңізге келсек, ұсыныс бердік. Бұл бағытта тілге қатысы бар мекемелермен, «Қазақ тілі» қоғамының құрылтайшыларымен жеке-жеке кездестік. Рұқсат болса, біз оның құрамын қор тіркелген кезде жариялайық. Өзіңіз айтқандай, халыққа танымал, беделді, қаржыгер әрі тіл саласына қатысы бар адамдарды, мемлекет өкілдерін, Парламент депутаттарын кіргізсек деп отырмыз.

Есепке келсек, ереже бойынша эндаумент қорының жылдық есебін халықаралық аудиторлық компания жасауы керек. Дүние жүзінде ондай үлкен 4 компания бар, ол «Үлкен төрттік» (Big Four) деп аталады. Олар ірі банктерге аудит жасайды. Сол төрттіктің бірінде жыл сайын аудиттен өтіп, қорытындысын ашық жариялауға міндеттіміз.

— Ондай аудит қымбатқа түспей ме?

— Рас, ол қымбат тұрады. Бірақ бізге абырой, қоғам мен донорлардың сенімі бәрінен қымбат. Біз оларға қоғамдық қор екенімізді, коммерциялық мекеме емес екенімізді түсіндіріп, жеңілдік алуға тырысамыз. Тіпті олардың бізге жасаған қолдауы ретінде тегін аудит жасауын да өтініп көреміз. Ол да – фандрайзингтің бір бөлігі. Ондай қолдау көрсетіп жатқандар бар.

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close