
Қазақстанда Конституцияның қабылдануына орай жарияланған амнистия аясында 590 мыңға жуық азаматқа қатысты әкімшілік жауапкершілік жеңілдетілді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Бұл туралы Ішкі істер министрлігі мәлімдеді.
Ведомствоның мәліметінше, биыл 1 шілдеде Мемлекет басшысы қол қойған заң аясында еліміз тарихында алғаш рет әкімшілік амнистия жүргізілді.
Соның нәтижесінде заңда көрсетілген баптар бойынша азаматтардың 1,3 миллионнан астам әкімшілік өндіріп алуы тоқтатылып, жалпы сомасы 22 миллиард теңгеден асатын айыппұлдар есептен шығарылған.
ІІМ өкілдерінің айтуынша, бұл – бір реттік ізгілік шарасы. Амнистия тек қоғамның қауіпсіздігіне қатер төндірмейтін және азаматтардың құқықтарына зиян келтірмейтін құқық бұзушылықтарға қатысты қолданылған.
«Амнистия – бір реттік ізгілік шарасы. Егер азамат қайтадан құқық бұзса, ол заң талаптарына сәйкес толық жауапкершілікке тартылады. Құқық бұзушылық жасамау – жауапкершіліктен сақтанудың ең дұрыс жолы», – деді ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов.
Министрлік азаматтарды заң талаптарын сақтауға және өзгелердің құқықтарын құрметтеуге шақырды.



