
Ішкі істер министрлігі қазақстандық ата-аналарға балаларды су айдындарының маңында қараусыз қалдырмауға шақырды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Ведомствоның мәліметінше, шомылу маусымы басталғалы елімізде 69 бала суға батып, қаза тапқан.
Министрлік қайғылы жағдайлардың көпшілігі шомылуға рұқсат етілмеген әрі арнайы жабдықталмаған жерлерде болғанын атап өтті.
Осыған байланысты азаматтарға тек қауіпсіздігі қамтамасыз етілген жағажайларда демалу, балаларды үнемі бақылауда ұстау және бейтаныс су айдындарына түсуге жол бермеу ұсынылды.
Сонымен қатар, аптап ыстықтан кейін бірден суық суға түсу денсаулыққа қауіпті екені ескертілді. Ал тыйым салынған орындарда шомылғандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Жыл басынан бері мұндай құқық бұзушылық үшін 2700-ден астам адамға шара қолданылған.
«Құрметті ата-аналар, балалардың қауіпсіздігі ең алдымен өз жауапкершіліктеріңізде екенін ұмытпаңыздар!» – деді ІІМ профилактикалық жұмысты үйлестіру комитетінің төрағасы Арман Саданов.



