
Астанада туған әкесін өз үйінен шығарып жіберуді талап еткен қыздың ісі кассациялық сотта қаралып, соңғы шешім шықты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Іс материалдарына сәйкес, тұрғын үй талап қоюшының атына рәсімделген.
Осыған байланысты ол әкесін үйден шығаруды сұрап сотқа жүгінген. Алғашқы сот инстанциясы оның талабын қанағаттандырған.
Алайда апелляциялық сот бұл шешімді өзгертіп, ер адамды үйден шығарудан бас тартты. Сот тұрғын үй заңнамасына сүйене отырып, меншік иесінің отбасы мүшелері тұрғын үйді иесімен тең дәрежеде пайдалануға құқылы екенін атап өтті.
Белгілі болғандай, әкесі қызының үйінде 2022 жылдың қыркүйегінен бері тұрып келеді. Осы уақыт аралығында үй иесі оның тұруына қарсылық білдірмеген.
Қыз апелляциялық шешіммен келіспей, кассациялық сотқа жүгінгенімен, жоғары сот алқасы да алдыңғы шешімді өзгеріссіз қалдырды. Осылайша, ер адамды үйден шығару туралы талап түпкілікті қанағаттандырылмады.



