Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Маңғыстауда жаппай мал қырылды: әкімдік себебін атады

Маңғыстау облысында малдың жаппай қырылуына қатысты әлеуметтік желіде тараған видео жұртшылықтың алаңдаушылығын туғызды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Кадрларда далада жатқан жылқылардың өлекселері көрсетіліп, видео авторы олардың санын есептеп жүргенін айтады.

Оқиғаға байланысты Түпқараған аудандық әкімдігі түсініктеме берді.

Ведомство мәліметінше, ауданның бірнеше елді мекенінде мал арасында ауру тіркелген.

Мамандардың алдын ала болжамынша, ірі қара мен жылқыларға қарақұрттың шағуы себеп болған.

Әкімдік дерегіне сәйкес, ең көп шығын Таушық ауылында тіркелген. Мұнда 314 бас мал ауырып, 30 жылқы мен 15 түйе өлген. Сондай-ақ Форт-Шевченко, Ақшұқыр және Сайын Шапағатов ауылдарында да жылқы, құлын, түйе және сиырдың қырылу фактілері анықталған.

Жергілікті билік ветеринарлар мал иелерінің өтініші бойынша тегін ем жүргізіп жатқанын хабарлады. Сонымен қатар, соңғы күндері 20-ға жуық мал өлексесі жиналып, арнайы тәртіппен жойылған.

Әкімдік қазіргі таңда барлық өлекселер толықтай жойылғанын, ал Баутино мен Қызылөзен ауылдарында мал арасында ауру тіркелмегенін мәлімдеді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button