2026 жылғы футболдан әлем чемпионатының финалында өтетін Испания мен Аргентина құрамалары арасындағы кездесуді словениялық төреші Славко Винчич басқарады. Бұл туралы Халықаралық футбол федерациясы (FIFA) мәлімдеді, дейді Qandastar.kz.
46 жастағы төрешіге отандастары Томаж Кланчник пен Андраж Ковачич көмекші болады. Ал қосалқы төреші қызметіне иорданиялық Адхам Махадмех тағайындалған.
FIFA Славко Винчичтің финалдық матчқа тағайындалған сәтінен видео жариялады. Кадрларда төреші өз есімін естіген кезде толқып, көз жасын сүрткені көрінеді. Кейін ол әріптестерінің құттықтауын қабылдаған.
Винчич 2010 жылдан бері FIFA төрешісі ретінде қызмет етіп келеді. Ол Еуропа чемпионаттарында, сондай-ақ 2022 жылы Қатарда өткен әлем чемпионатында төрелік жасаған. Бұған дейін ол Аргентина құрамасының Сауд Арабиясына қарсы топтық кезеңдегі ойынын басқарған. Сол кездесуде аргентиналықтар 1:2 есебімен жеңіліс тапқан.
2026 жылғы әлем чемпионатында словениялық маман үш матчқа бас төреші болды: Бразилия – Марокко, Иордания – Алжир және Мексика – Эквадор кездесулері. Осы ойындарда ол жеті сары және бір қызыл қағаз көрсеткен.
Испания мен Аргентина арасындағы әлем чемпионатының финалы 19 шілдеде Нью-Джерси қаласындағы «Метлайф» стадионында өтеді. Кездесу Қазақстан уақытымен 23:50-де басталады.



