
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Испания Королі VI Фелипеге футболдан әлем чемпионатындағы жеңіске байланысты құттықтау жеделхатын жолдады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Президент өз құттықтауында Испания құрамасының жоғары шеберлігі, ұйымшыл командалық ойыны мен жеңіске деген жігері миллиондаған жанкүйердің ықыласына бөленгенін атап өтті. Сондай-ақ Испанияның әлемдік футболдағы озық тәжірибесі көптеген ел үшін үлгі екенін жеткізді.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қазақстанда «Атлетико Мадрид» клубының академиясы ашылғанына ерекше тоқталып, бұл бастама екі ел арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтып, жастар байланысын дамытуға серпін беретінін айтты.
Жеделхат соңында Президент Король VI Фелипеге мемлекеттік қызметінде табыс, ал Испания халқына амандық пен өркендеу тіледі.



