Түркістан облысында ұйымдасқан қылмыстық топ құрамында болған 27 адам агробизнесті қолдауға бөлінген 3 млрд теңгеден астам қаржыны ұрлағаны үшін сотталды, деп Qandastar.kz хабарлады.
Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметінше, күдіктілер жалған шаруа қожалықтары арқылы заңсыз несие рәсімдеген. Олар жалған құжаттар мен іс жүзінде болмаған кепіл мүлкін пайдаланып, мемлекет қаржысын иемденген.
Сот айыпталған тұлғаларға 6 жылдан 8 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сонымен қатар олардың мүлкі мемлекет кірісіне тәркіленді.
Сот үкімі әзірге заңды күшіне енген жоқ.



