
2,5 млрд теңге көлеміндегі бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген ұйымдастырушы Вьетнамнан Қазақстанға экстрадицияланды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Тергеу мәліметінше, күдікті Әділет министрлігіне қарасты Сот сараптамалары орталығында мемлекеттік сатып алулар кезінде жабдықтардың бағасын бірнеше есе қымбаттатып, жалған коммерциялық ұсыныстарды пайдалану арқылы қаржы жымқыру схемасын ұйымдастырған.
Бұл іс сот сараптамасы органдарының материалдық-техникалық базасын жаңартуға бөлінген 10 млрд теңгеден астам бюджет қаражатына қатысты жүргізілген.
Аталған іс бойынша орталықтың бұрынғы директоры, мемлекеттік сатып алу департаментінің басшысы және екі жеке компанияның өкілі кінәлі деп танылып, мүлкі тәркіленіп, 3 жылдан 8 жылға дейін бас бостандығынан айырылған.
Ұйымдастырушы 2025 жылдың наурызында халықаралық іздеуге жарияланып, биыл Вьетнам аумағында ұсталған. Қаржылық мониторинг агенттігі, Интерпол және Сыртқы істер министрлігінің бірлескен жұмысының нәтижесінде ол Қазақстанға жеткізілді.
Қазір қылмыстық іс соттың қарауына жолданған. Тергеу мүддесіне байланысты өзге мәліметтер жарияланбайды.



