Жаңалықтар

«Естуші үкіметке» үнім жетсе: Белгілі продюсер қазақ жастарына жағдай жасау керектігін айтты

Белгілі продюсер қазақ жастарының орыс тіліне басымдық беріп жатырғанына назар аударып, дабыл қақты, деп жазады qandastar.kz
Неше күннен бері халықаралық жетістікке ертерек жеткен жастардың, халықаралық олимпиадалардың жеңімпаздарының, әлемдік үздік университетке түскендердің 3-4 сағаттық сұхбаттарын ерінбей тыңдап жүрмін. Көбі орыс тілді, ашығын айту керек. Бәрі десем, мысалға келтіретін 1-2 баланы айтып ақтарсыздар, бірақ шындықтың аты шындық қой. Оларға ақпарат деген ерте жетеді және өте көп, сосын сенімділік деген ұрып тұр. Тіпті, бірді-екілі қазақ тілді бала шетелден шақырту алғанның өзінде әке-шешесінің жіберетін ақысы да жоқ болған, себебі ақша, билік тағы да орыс тілді қоғамда. Байдың баласы бай болатын секілді, шетелге де бірінші болып солар кетіп, көкжиегін солар бірінші кеңейтіп, таза қазаққа ақылды солар айтады. Қасқа таза қазақтың баласы-ай.
Мен мектеп бітіре сала, таза қазақы Аралдан “Болашаққа” түсем деген зор амбициямен Алматыға келіп, қабылдау этапының бірінші бөлімінің өтіп кеткенін білгенде, кіріп келгенде түрі мен сенімділігі менен мың есе асып кеткен асфальт балаларының түрін көргенде, әке-шешемнің жалғызы болып, жеке бөлмем, ең сапалы киімім болған, ағылшынға қосымша ақы төлеп 4-ші сыныптан дайындалған сенімділігім сол жерде тер болып ағып кеткен еді. Содан ҚазҰУ-ға барып, заң факультетіне түстім, бірақ ол жердегі ағылшын сабағы да осыларға болады деңгейінде болып, керісінше бар білімімнен айрылып қалдым. Содан біз деген 30-ға тақағанда дымы қалмаған ағылшынымызды бала-шағамызға қоса әупірімдеп сүйреп, “Болашаққа” түсіп, енді ес жиып, 30 жасымызда әрең дегенде бір компания аштық қой. Соның өзін мемлекеттен оқыдыңдар (Болашақтың 5 жылын өтеп тастағанмын!), мемлекеттен жоба жасадыңдар деп бетімізге басатындар бар.
Енді бар жанымыз бен тәніміз қазақ бізден туған бала да табиғи түрде орыс тіліне өзінен-өзі икемсіз болып өседі емес пе? Қазір сол балалардың олимпиадаға дайындалып, қатысып, оқуға түсетін уақыты тақап қалды. Ал оларды дайындайтын баяғы халықаралық одимпиадалардың жеңімпазы не солардың тәрбиелеген ұрпағы, яғни орыс тілді қыз-жігіттер. Олар орысша білімін алып, сенімділігі ұрып, шетеліне барып, елге келгенде шапан киіп, “шолпы — это …” деп бірдеңе айта қалса, біз деген ауызымызды ашып, көзімізді жұмып, ах ұрып жатырмыз емес пе?!», деп жазды ол әлеуметтік желідегі парақшасында. 
Сонда табиғи түрде қазақ тілді баланың сенімділігі мен дайындығы бәрібір орыс тілінде өзін судағы балықтай сезінетіндерден төмен болмақ деген ой келтірген продюсер.
«Осындай status quo-дан балаларын орыс тіліндегі мектепке беретіндердің саны артып отыр (кеше соңғы 8 жылда 70% өскен деп көріп қалдым). Қазақ тілінің мәселесін көтергенде тұрмыстық тіршіліктің айналасында қалып қаламыз, алайда мәселе одан тереңде ғой, оны “кімге барып, кімге айтып, кімге барып өтінем?!”
Бұл мәселе жақын арада шешімін таба қоймас, алайда “естуші үкіметке” үнім жетіп жатса, дәл қазір таза қазақ тілді балаларды ерте халықаралық олимпиадаға дайындаудың, шетелде оқуының бар жағдайын жасау керек, грант бөлсін, жеке бақылауға алсын, білмеймін, әйтеуір бір жолын тауып, оларды да осы жетістік жолына ерте қосу керек», — дейді ол.
Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close