Жаңалықтар

«Егіз ұлдарымды 6 ай көрген жоқпын»: Қарағандыда тұратын әйелдің экс-күйеуі балаларын алып, Ресейге қашып кеткен

Фото: скрин

Қарағанды қаласында тұратын Ильсияр Нагаева есімді әйел жарты жылдан бері егіз баласын көруге зар болып отыр. Оның бұрынғы күйеуі Ильвир Нагаев 9 маусымда балаларды ұрлап алып, Ресей шекарасынан асып кеткен екен, деп хабарлайды qandastar.kz matritca.kz-ке сілтеме жасап.

Қарағанды облысы Шет ауданы Ақжал кентінде тұратын ананың видеосы әлеуметтік желіде тараған еді. Редакция тілшісі оның жеке байланыс нөмірлерін тауып, сұхбат алды. Ильсияр Нагаева күйеуімен әлеуметтік желіде танысқанын айтып берді.

«Таныса сала айтқаны — татар ұлтының қызына үйленемін деді. Осы сөзінен қатты күмәндандым. Бірден әйел қылып аласың ба, алдымен танысу керек шығар дедім. Бастапқыда оның түр-тұлғасы, болмысы ұнамады. Бірақ уақыт өте келе оның шын пейілі, отбасы құруға деген ниеті мені баурап алды. 2020 жылдың 13 шілдесінде отау құрдық. Оның анасы, яғни менің бұрынғы енем басынан бастап өмірімізге араласа бастады. Мен оған мән бермеуге тырыстым. Себебі күйеуімді ол кезде жақсы көретін едім. Кейін жүкті екенімді білдім. Құрсағымда егіз бала жатты. Осылайша, Қарағандыға көшіп, ипотекаға үй алдық. 2021 жылдың шілдесінде мен егіз баламды босанған соң, отбасында дау көбейді. Бұндай ұрыс-керіс жас отбасылардың бәрінде болатын шығар деп мән бермедім», — дейді ол.

Ильсияр Нагаеваның айтуынша, бұрынғы жолдасы Қарағандыдан Астанаға қарай көшейік деген соң олар 2022 жылдың қарашасында елордаға келген.

«Оның анасы біздің жеке өмірімізге араласуын тоқтатпады. Үйде жиі ұрыс болатын еді. 2024 жылдың сәуірінде болмашы нәрсе үшін тағы да ұрсысып қалдық. Қазір ойласам, ол менімен ұрсысып, ажырасудың сылтауын ғана іздеген сияқты. Оның туыстары бұрынғы күйеуімді маған қарсы қоя бастады. Мен үйден кеткенше бұрынғы жолдасым менімен сөйлеспеді. Айналамдағы адамдар оның осындай екеніне сенбейтін. Себебі ол сыртта өте сыпайы, қамқоршы бола қалатын. Қазір оның осы әрекеттерін түсініп жатырмын. 20 мамырда мен одан кетіп тындым. Ақжал кентінде тұрып жатқан ата-анамның қолына келдім. Ол маған жиі хабарласып, шу шығарып ауылға да келетін», — дейді ол.

Ильсияр Нагаеваның айтуынша, 9 маусымда әдеттегідей бұрынғы күйеуі ауылға келіп, егіз баласын көлікке салып алып кеткен.

«Бұл жағдайдың арты ушығып кетеді деп ойлаған жоқпын. 11 маусымда балалардың артынан бардым. Бірақ енем мен бұрынғы күйеуім жолымды бөгеп, пәтерден қуып шықты. Полиция мен қамқоршылар көмектеспеді. Сендер әлі ерлі-зайыптысыңдар, оның да құқығы бар деді. Мен балалар менімен тұруы керек екенін айтып, ажырасуға арыз бердім. Кейін сот отырыстары басталды. Оның туыстары мені қорқытуды жалғастыра берді. Өз балаларымды 1 тамызда сот бекіткен психологиялық сараптама кезінде көрдім. Балаларымды көре сала жылай бердім. Кейін жолдасымның туыстары оларды алып кетті. Содан бері екі баламды көрген жоқпын», — дейді Ильсияр Нагаева.

Ильвир Нагаев сот отырысына тек бір рет қана келген екен. Қалған отырыстарға оның адвокаты қатысқан. Сот шешімі енді күшіне ену керек болған кезде бұрынғы күйеуі аппеляциялық шағым түсіріп, сот отырысы тағы бір айға созылған. Ол осы уақыт ішінде жұмысынан шығып, екі баламен Ресейге қашып кеткен.

«Менің бар білгенім осы ғана. Қазір Ресейдің қай қаласы екенін де білмеймін. Қазір ол ақпаратты таба алатындар жұмыс істеп жатыр. 6 қарашада сот шешімі шығып, заңды күшіне енді. Мен Астана қаласындағы Сарыарқа аудандық полициясына арыздандым. Сондай-ақ e-otinihs арқылы да арыз жаздым. Олар істі учаскелік полицияға берген», — дейді Ильсияр Нагаева.

Ильсияр Нагаева бүгінде кімнен көмек сұрайтынын білмей отыр. Баласын жарты жыл көрмеген ана күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан айырылған. Редакция бұл оқиғаға қатысты Сарыарқа аудандық полиция бөліміне іске қатысты  сұрау жолдады.

Ілмектер

Осы айдарда

Пікір үстеу

Close