Қаржы және төлемдер
Алматыда интернет-алаяқтар кеңселерінде құрықталды

Фото: Polisia.kz
Алматы қаласының полицейлері шетелдік азамат басшылық еткен Call-орталықты анықтады, деп жазды qandastar.kz
Алаяқтар Оңтүстік Азия елдеріндегі банк шоттарында бұғатталған депозиттердегі қаражатты шешіп алуға көмектесеміз деген жалған уәде беріп, азаматтарды алдаған.
«Call-орталық қызметкерлерінің негізгі міндеті – кураторлардың нұсқауымен дроп-шоттарға түскен қаражатты бақылау және оларды басқа шоттарға аудару болды. Бұл қаражат әртүрлі төлем жүйелері арқылы таратылып отырған. Сондай-ақ кеңселерді тінту кезінде ақшалай операцияларды өңдеу мақсатында қолданылған 100-ден астам жүйелік блок тәркіленді. Алматы халықаралық әуежайында осы қылмыстық іске қатысы бар тағы бір адам елден қашпақ болған сәтінде ұсталды», — деп мәлімдеді Алматы қалалық ПД Киберқылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Анес Қалдыбаев.
Тергеу барысында кеңсе қызметкерлерінің бұл жұмысты интернет арқылы тапқаны белгілі болды. Оларды сұхбаттасу кезеңінен бастап оқытуға дейін кеңсе меңгерушілері ұйымдастырған. Жаңа қызметкерлерге тапсырмалар беріліп, олардың негізгі міндеті – P2P-төлемдеріне байланысты қаражат аударымдарын өңдеу екені түсіндірілген. Қызметкерлерге жеке ұялы телефон пайдалануға тыйым салынған және құпиялылық қатаң сақталған.
Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Үш адам қамауға алынып, тағы 26 күдіктіге қатысты тергеу жүргізіліп жатыр.