Жаңалықтар

Дихан Қамзабек: Ұлттық құрылтай — елдік ой-пікір алаңы

Фото: ашық дереккөз
ПІКІР-ПАЙЫМ 
Қордаланған қоғамдық мәселелерді шешудің жөн-жобасы, тәжірибесі. Абылайдың арманын салмақтаған, Кенесарының қажырын айғақтаған Бурабай жерінде Құрылтайдың жұмыс секциялары басталды. Біз бүгін соның «Мәдениет, өнер, руханият», «Білім мен ғылым» бөлімінде ой қозғап, пікірімізді ортаға салдық.
Мәдениет пен руханият бағдарындағы пайым:
1) Қоғам мәдениетінің өзегі — жауапкершілік. Адами қарым-қатынасты, елдік құндылықтарды дұрыс қалыптастыру үшін де заң мен тәртіп қажет. Қазір әлеуметтік желі мен жұрт ортасында ұлт, тіл, діл, дін, дәстүр, мәдениет т.б. құндылықтарын мансұқтайтын, терістейтін, келемеждейтін фактілерді заң аясында жауапкершілікке тарту — елбұзарлықтың алдын алу болар еді.
2) Мәдениет пен өнер салалары арасындағы ықпалдастыққа мән берген абзал. Мысалы, бірде-бір ертегі оқымаған суретшіні кездестірдік. Немесе қайбір мүсінші ән-күй қасиетін түсінгісі де келмейді. Абайдың бір өлеңін білмейтін музыканттар аз емес.
3) Дәстүрлі БАҚ пен орта білім жүйесінің арасы алшақтап барады. Газет-журнал оқымаған мұғалім, оқушы ешқашан кітап оқымайды. Мектеп пен мерзімді басылымдар арасын ажыратқан, жазылуды күштеп тоқтатқан сала басшылары А.Байтұрсынұлы мұратын мүлде түсінбеген.
4) Бүгінгі көкейкесті «жайлы мектеп» атауы — техникалық атау. Бұған мазмұн, идея және серпін берген дұрыс. Мысалы, «Ахмет Байтұрсынұлы лицейлері жүйесі». Сонда бәсеке де, іскерлік те, елдік мүдде де, мәдениет те артады.
Білім мен ғылым бағдарындағы пайым:
1) Бізде бір «әттеген-ай» ғылым салаларының қауымдастығы (ассоциация) жоққа тән. Кейде ғана математиктер, физиктер қауымдастығы көрініп қалады. Бұл неге керек? Пәннің, ғылым саласының өлшемін, қағидаттарын т.б. анықтап, жүзеге асыру үшін керек. Оқулықтағы сабақтасты да осы құрылым жүйелеуі қажет.
2) Жаратылыстану мен техникалық ғылымға қойылатын өлшемді әлеуметтік-гуманитарлық ғылымға механикалық түрде қоюға мүлде болмайды.
3) Ғылым тілі ретінде қазақ тілін дамытудың бірден-бір жолы доценттік (қауым. профессор), профессор атағын алу үшін Ережеге скопус мақаласынан бұрын қазақ тілінде оқулық жазу мен классикалық оқулықты аударуды кіргізсек, отандық жоғары мектеп ұтар еді. Негізі, доценттік, профессорлық ғылым жасағаны үшін емес, дәріс оқып, әдістемені жетілдіргені үшін беріледі. Оқулық — дәл осы бағыттың талабы. Бұл — салалық ғылым тілін дамытудың жолы.
4) PhD білім бағдарламасына келейік. Қаншама адам бітірді. Бірақ талаптың қаттылығынан (кейде қисынсыздығынан) көбісі диссертация қорғай алмай жүр. Ал осы қорғамағандар 3 жыл оқығаны рас қой. Неге оларға диплом бермейміз? Ресейде, Ұлыбританияда «оқыды» деп диплом береді.
Біз неге осыны жүзеге асырмаймыз? Әрине, ғылыми диссертациясын қорғап жатса, соған сай атағын алады.
Дихан Қамзабек,
«Егемен Қазақстан» газетінің бас директоры
Ілмектер

Осы айдарда

Добавить комментарий

Close