
Фото: Әлеуметтік желіден
Атырауда жергілікті блогер Құралай Болатоваға шабуыл жасаған екі қыздың әрекеті қоғамның назарын аударды. Оқиға 3 қазан күні кешке болған, деп хабарлайды qandastar.kz.
Блогердің айтуынша, дау Стамбұлға тур ұйымдастыру кезінде шыққан. Құралай бұл сапарды жарнамалауға келіскеннен кейін ұйымдастырушы Айдана Ақмурзиеваға 100 мың теңге алдын ала төлеген. Кейін турдың өтпейтіні белгілі болып, блогер ақшасын қайтаруды сұраған.
Алайда, сол үшін ол Айдана мен оның досы Ақбота Нұғманованың соққысына тап болған. Қыздар блогерді кездесуге шақырып, кейін зиратқа апарып ұрып, қорлаған.
– Мен ешкімге жамандық жасаған жоқпын. Бірақ мені алдап, қорқытып, ұрып-соққан адамдар жазасыз қалмасын! Әділдік орнасын. Заң бәріне бірдей болсын. Бөлісіңіз, адамдар білсін – кімге сенуге болмайтынын, – дейді жәбірленуші Құралай Болатова.
Оның сөзінше, күдіктілердің бірі «бізге ештеңе болмайды, прокуратурада танысымыз бар» деп қорқытқан.
Қазір бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің «денсаулыққа орташа ауырлықтағы зиян келтіру» бабымен іс қозғалды. Тергеу жүріп жатыр, жәбірленуші сот-медициналық сараптамадан өтуде.