
Фото: NEGE
Қазақстан экономикасы биылғы жылдың тоғыз айында 6,5 пайызға өскен. Бұл туралы ұлттық экономика вице-министрі Арман Қасенов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында хабарлады, деп жазды qandastar.kz.
Министрдің айтуынша, өсім нақты сектор мен қызмет көрсету салаларындағы тұрақты даму есебінен қамтамасыз етілген. Нақты секторда 8,8%, қызмет көрсету саласында 5,1% өсім тіркелген.
Сонымен қатар, қаржы және сақтандыру қызметі – 204%, білім беру – 193%, өңдеу өнеркәсібі – 134%, ауыл шаруашылығы – 129%, көлік саласы – 115%, жылжымайтын мүлік операциялары – 111% артқан.
Алайда экономистер мұндай көрсеткіштердің халықтың табыс деңгейіне әсері байқалмай отырғанын айтады.
Nege.kz жариялаған ақпаратта ресми жаңалықтарға сенсек, елімізде экономикалық өсім мен инвестицияның ұлғаюы байқалатынын жазады. Жыл басынан бері 9 айлық көрсеткіште оң динамика байқалып, еліміздің жалпы ішкі өнімі 6,5%-ға өскен.
Экономист Қажыкелді Шамбылдың пікірінше, экономикалық өсім негізінен мемлекеттік шығындардың есебінен қалыптасып отыр.
«Бюджет шығындары соңғы жылдары үш есеге жуық артқан. Ал инвестициялық белсенділік пен экспорт төмендеуде. Сондықтан қазіргі өсім шынайы өндірістік серпіліс емес, мемлекеттік шығындардың нәтижесі», – деді сарапшы.
Ол сондай-ақ шетелдік инвестициялар көбіне шикізатқа және онымен байланысты салаларға бағытталып жатқанын атап өтті.
«Өңдеу өнеркәсібі дамып жатыр деген тезис шартты түрде ғана рас. Көптеген жобалар мұнай-химия және металлургия кешеніне қатысты. Экономика сапалы өзгеріс үшін жоғары қосылған құн әкелетін өндірістерге көшуі керек», – дейді Шамбыл.
Ал экономист Мақсат Халық Үкіметтің басты проблемасы – инфляцияны тежеу шараларының әлсіздігі деп санайды.
«Халық табысы 3,5% өссе, инфляция 10% шамасында. Яғни, баға өсімі экономикалық өсімнен әлдеқайда жоғары. Бұл жағдайда ЖІӨ көрсеткішінің артында шынайы табыс емес, инфляциялық фактор тұр», – деді ол.
Маманның айтуынша, Үкіметке қазір экономикалық көрсеткіштерді арттырудан гөрі, халықтың нақты табысын өсіру мен инфляцияны төмендету маңызды.