
Фото: улысмедиа
Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов Қазақстанда банктердің жаппай ипотека беруден бас тарту себептерін атады. Оның айтуынша, халықтың 20%-дан жоғары мөлшерлемемен ипотека төлеуге шамасы жетпейді, деп жазды qandastar.kz
Жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемесінің шекті деңгейі» деген ұғым бар. Бұл – Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу агенттігі бірлесіп бекітетін шектеу. Қаржы ұйымдары осы шектен жоғары мөлшерлемемен ипотека бере алмайды. Біз халық үшін 20%-дан жоғары мөлшерлеме – тым ауыр жүктеме деп есептейміз. Егер адам 10–15 жылға ипотека алса, артық төлем өте көп болады», – деді Сүлейменов.
Қазіргі таңда бұл мөлшерлемені есептеу әдістемесін қайта қарау жүріп жатыр. Төрағаның айтуынша, егер қарыз алушы бастапқы жарна ретінде 50% енгізуге дайын болса немесе несиені қысқа мерзімге – мысалы, 5 жылға алса, онда жеңілдетілген шарттар қарастырылуы мүмкін.
Сонымен қатар, ол банктерге ипотеканы тоқтату туралы ешқандай нұсқау берілмегенін атап өтті.
«Бізде нарықтық экономика. Сондықтан банктерге ипотека бермеу жөнінде бұйрық беру мүмкін емес. Бірақ әр банк 20%-дан жоғары мөлшерлемемен берілген ипотеканың төлем жағынан қауіпті екенін түсініп отыр. Сондықтан олар мұндай шешімдерді тәуекелді ескере отырып қабылдайды», – деді Ұлттық банк басшысы.
Сүлейменов азаматтарға «Баспана банкі» ұсынатын бағдарламаларды қарастыруды ұсынды.
«Қарапайым тілмен айтқанда, 20%-дан жоғары ипотека – ауыр шешім. Сондықтан әр адам мұндай қадамға барған кезде өзіне де, отбасына да жауапкершілікпен қарауы тиіс. Қазір пайыздық мөлшерлемелер жоғары, сондықтан жұмыс істеп тұрған ‘Баспана банкінің’ құралдарын пайдалану тиімді. Бұл банктың өнімдері ашық әрі қолжетімді», – деді ол.
Ұлттық банк басшысы сондай-ақ өңірлік және орталық деңгейде де түрлі қолдау бағдарламалары бар екенін еске салды.