Әлем жаңалықтарыЖаңалықтарСараптама

Туристік ағын бойынша Қытайдан алда: Алматыға шетелдік туристер ағылып жатыр

Алматы халықаралық туризм орталығына айналып келеді. CNN телеарнасы қаланы әлемдегі ең тартымды бағыттардың бірі деп таныса, туристер ағыны да рекордтық көрсеткішке жетті, деп жазады qandastar.kz

Қалалық туризм басқармасының мәліметінше, Алматы соңғы уақытта халықаралық деңгейде туристердің қызығушылығын айтарлықтай арттырған. Мұндай нәтижеге мақсатты маркетингтік науқандар, жаңа әуе бағыттарының ашылуы және әлемдік туристік көрмелерге белсенді қатысу ықпал еткен.

2025 жылдың екінші тоқсанында Алматыны 1,1 миллионнан астам адам аралаған. Олардың ішінде 323,5 мың шетелдік және 816,5 мың ішкі турист тіркелген. Биыл алғаш рет туристер легі бойынша Үндістан (56,2 мың адам) көш бастады. Қытай (54,1 мың турист) екінші орында, бірақ былтырмен салыстырғанда оның көрсеткіші 33,4 пайызға артқан. Сондай-ақ, туристердің негізгі легі Түркия, Оңтүстік Корея, АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері мен Германиядан келуде.

Ведомство өкілдерінің айтуынша, туризмнің өсуіне жаңа әуе рейстерінің іске қосылуы, авиакомпаниялармен меморандумдарға қол қойылуы және әуежайдағы ерекше промоакциялар (мысалы, жаңа бағыттар жолаушыларына арналған «Тәтті сыйлық» акциясы) да оң әсер еткен.

Халықаралық мойындау да маңызды рөл атқарды. 2025 жылы Алматы CNN тізіміндегі әлемнің үздік бағыттарының бірі атанды және Booking.com платформасының трендтік рейтингтеріне енді.

Сонымен қатар, қала туризм саласында серіктестермен белсенді жұмыс жүргізуде. Алматы өкілдері Гуанчжоудағы GITF және Гонконгтағы ITE секілді бес ірі көрмеге қатысып, 150-ге жуық келісімге қол қойған. Сарапшылардың болжауынша, бұл ынтымақтастықтар жақын арада қосымша 159 мың шетелдік туристің келуіне мүмкіндік береді.

Осылайша, Алматының халықаралық беделі мен туристік әлеуеті артып, қала аймақтық емес, жаһандық саяхат бағыттарының біріне айналуда.

 

Ұқсас Мақалалар

Back to top button