Жаңалықтар

Алматыдағы түтін тұрғындардың тыныс алу жүйесін әлсіретуі мүмкін — эпидемиолог

Алматы қаласындағы ауа сапасының төмендігі жергілікті тұрғындардың жедел респираторлық вирустық инфекциялар мен тұмауды ауыр өткеруіне әсер етуі мүмкін. Бұл туралы Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Асель Қалыкова өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте айтты, деп жазды qandastar.kz

Мамандардың айтуынша, мегаполистегі ауаның ластануы жыл сайын жылыту маусымы басталған сайын күшейеді. Асель Қалыкова смогтың әсіресе балалардың тыныс алу жүйесіне кері әсер етіп, аурудың асқынуына ықпал етуі мүмкін екенін атап өтті.

“Ластанған ауадағы ұсақ бөлшектер балалар мен ересектердің тыныс жолдарын тітіркендіріп, инфекцияның таралуына жағдай жасайды. Бұны сырқаттанушылықтың бір себебі деуге болады”, – деді эпидемиолог.

Соған қарамастан, Алматыда атмосфералық ауаның нашарлауымен тікелей байланысты балалардың ауруханаға түсу жағдайлары ресми түрде тіркелмеген.

Маман ЖРВИ мен тұмаудың таралу себептері ретінде салқындауды, жұқтырғандармен жақын байланысты және профилактикалық шаралардың сақталмауын атады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button