
Алматы полициясы көршілері жазалауды талап еткен, аулада баланы ұрды деп айыпталған ер адамның жеке басын анықтап, оны қамауға алды, деп жазады qandastar.kz сайты NUR.KZ порталына сілтеме жасап.
Бүгін біз Алматыдағы «Каспий» тұрғын үй кешенінің ауласында болған оқиға туралы жазған едік. Көршілердің айтуынша, балалар арасында болған жанжалға ересек ер адам араласып, бес жасар баланы теуіп жіберген.
Бұл сәт ауладағы бейнебақылау камераларының біріне түсіп қалған.
«Әлеуметтік желілерде ер адамның тұрғын үй кешенінің ауласында жасөспірім балаға күш қолданған видеосы таралуда. Аталған факті бойынша Алатау ауданы полиция басқармасы қылмыстық іс қозғады. Күдікті дереу ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Полицияның ұстанымы қатаң: балаларға қатысты мұндай әрекеттерге жол берілмейді және заң аясында қатаң шара қолданылады. Қазір оқиғаның барлық мән-жайы анықталып жатыр. Тергеу барысы департамент басшылығының бақылауында», – деп жауап берген ведомство ақпараттық сайттың ресми сауалына.
Куәгерлердің айтуынша, оқиға кезінде алаңда болған ересектердің ешқайсысы жағдайға араласпаған.



