Ресей Федерациясының Сыртқы істер министрлігі Украина Новгород облысындағы Ресей президентінің мемлекеттік резиденциясына шабуыл жасауға әрекеттенді деп мәлімдеді. Ал Украина президенті бұл ақпаратты жоққа шығарып, оны Ресей тарапынан Украинадағы мемлекеттік ғимараттарға соққы жасауға себеп дайындау деп атады, деп жазады qandastar.kz.
Ресей СІМ-нің Telegram-арнасында ведомство басшысы Сергей Лавровтың мәлімдемесі жарияланды. Онда 29 желтоқсанға қараған түні Украина Ресей Федерациясы президентінің Новгород облысындағы мемлекеттік резиденциясына шабуыл жасауға тырысқаны айтылған. Лавровтың сөзінше, шабуыл үшін алыс қашықтыққа арналған 91 соққы беруші ұшқышсыз ұшу аппараты пайдаланылған.
«Барлық ұшқышсыз ұшу аппараттары Ресей Қарулы күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс құралдарымен жойылды. Зардап шеккендер немесе БПЛА қалдықтарынан келген залал туралы ақпарат түскен жоқ», – делінген мәлімдемеде.
Сондай-ақ Ресей СІМ бұл әрекет Ресей мен АҚШ арасындағы Украинадағы қақтығысты реттеу жөніндегі қарқынды келіссөздер кезеңінде жасалғанын атап өтті. Ведомствоның хабарлауынша, мұндай «жауапсыз әрекеттер жауапсыз қалмайды», ал қарымта соққылардың нысандары мен уақыты Ресей Қарулы күштері тарапынан анықталған. Сонымен қатар Сергей Лавров Ресейдің АҚШ-пен келіссөздер процесінен шығуды жоспарламайтынын айтты.
Алайда Украина президенті Владимир Зеленский «дрондық шабуыл» туралы ақпаратты растаған жоқ. Бұл туралы ол WhatsApp арқылы өткен онлайн-брифинг кезінде мәлімдеді, деп жазады УНИАН.
«Бұл – Ресей Федерациясының кезекті өтірігі. Кеше бізде Трамппен кездесу болды. Егер Украина мен Америка арасында жанжал болмаса, керісінше ілгерілеу болса, бұл «орыстар» үшін сәтсіздік. Себебі олар бұл соғыстың аяқталғанын қаламайды. Оларды тек қысым арқылы ғана тоқтатуға болады. Олар, менің ойымша, соған себеп іздеді», – деді Зеленский.
Украина басшысы Ресей тарапынан мұндай риториканы алдын ала күткенін де айтты.
«Көріп отырсыздар, олар ары қарай кетіп бара жатыр. Қазір өздерінің резиденциясына шабуыл жасалды деген мәлімдеме арқылы, меніңше, олар елордаға немесе мемлекеттік ғимараттарға соққы жасауға негіз дайындап жатыр», – деп түйіндеді Владимир Зеленский.


