Жаңалықтар

Вице-министрлерді жасанды интеллект алмастыра ала ма? Министрлік өкілі жауап берді

Қазақстанда жасанды интеллекттің (ЖИ) мемлекеттік басқарудағы рөлі талқыланып жатқан тұста, Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Ростислав Коняшкин вице-министрлерді «цифрлық ақылмен» алмастыру мүмкіндігіне қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат порталы  Ulysmedia.kz-ке сілтеме жасап хабарлады.

Сұрақ «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қорында директорлар кеңесінің жұмысына тартылған SKAI жасанды интеллект жүйесінің тәжірибесіне байланысты қойылған. Үкімет отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында қордың цифрландыру жөніндегі басқарушы директоры SKAI-ды директорлар кеңесінің қарауындағы мәселелер бойынша ықтимал тәуекелдер мен заңнамалық қайшылықтарды жедел анықтай алатын тиімді құрал ретінде таныстырған болатын.

Осыған байланысты журналистер жасанды интеллектті басқа салаларда, соның ішінде профильдік министрліктердегі басшылық қызметтерде қолдану мүмкіндігін сұрады. Алайда Ростислав Коняшкин бұл идеяны қолдамады.

«Біз саяси лауазым иелері ретінде қабылданған шешімдер үшін белгілі бір деңгейде жауапкершілік көтереміз. Ал шешім қабылдауға кеңес беретін, көмектесетін модельдер туралы айтсақ, бұл бағытты, әрине, қолдаймыз», — деді вице-министр.

Оның айтуынша, жасанды интеллектке дербес шешім қабылдау құқығын беру туралы мәселе тек нейрожүйе сұраныстардың кемінде 97 пайызына дәл әрі дұрыс жауап бере алатын деңгейге жеткен кезде ғана көтерілуі мүмкін. Қазіргі таңда мұндай дәлдікке қол жеткізілген жоқ, сондықтан жасанды интеллект ұсынған тұжырымдар мен қорытындыларды адам міндетті түрде қайта тексеруі тиіс.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button