Қазақстанның Ауғанстандағы бұрынғы Төтенше және Өкілетті Елшісі, генерал-майор Өміртай Бітімов «QASQA JOL» YouTube жобасына берген сұхбатында шетелдегі этникалық қазақтардың тарихи Отанына көшу мәселесіне қатысты ойын айтты, деп хабарлайды QANDASTAR ақпараттық агенттігі.
Оның сөзінше, тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін шетелдегі қазақтардың елге оралуға деген ниеті күшейе түсті. Бұған ел ішіндегі қоғамдық-саяси өзгерістер әсер еткен.
Бітімов Ауғанстандағы жағдайға тоқталып, әсіресе қыз балалардың білім алу және еркін өмір сүру мүмкіндігі шектеулі екенін жеткізді. Осыған байланысты Ауғанстаннан келетін қандастарды алаламай, қоғамға бейімдеп, ортаға сіңіру қажет екенін айтты. Оның пікірінше, оларды тарихи Отанына көшіру үшін арнайы мемлекеттік бағдарлама қажет. Сонымен қатар Иран мен Ауғанстаннан келген қазақтарды «радикал» деп қабылдау — негізсіз көзқарас екенін атап өтті.
Сондай-ақ ол Қытайдан көшіп келген этникалық қазақтар мәселесіне де тоқталды. Азаматтық беру процесін кезең-кезеңімен жүргізіп, алдымен тұрақты тұруға рұқсат беріп, бейімдеу жұмыстарын жүргізу дұрыс екенін айтты. Бітімов қазіргі таңда Қытай тарапынан тікелей қауіп бар деп айтуға негіз жоқ екенін, керісінше, Қытайдың технологиялық және экономикалық тұрғыдан қарқынды дамып келе жатқан ірі держава екенін атап өтті. Оның пікірінше, бүгінгі геосаяси жағдайда Қытаймен тығыз байланыс орнату маңызды әрі одан үйренер тұстар көп.



