
Ішкі істер министрлігі ел аумағында есірткі және психотроптық заттардың заңды айналымын бақылауға бағытталған “Дәрмек” жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын жариялады.
30 наурыз бен 3 сәуір аралығында өткен рейдтік жұмыстар “Заң мен тәртіп” қағидаты аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Негізгі мақсат – дәрілік препараттардың заңсыз айналымына тосқауыл қою және фармацевтикалық саладағы құқық бұзушылықтарды анықтау.
Жүргізілген тексерулер нәтижесінде:
- күшті әсер ететін дәрілерді заңсыз сатуға қатысты 16 қылмыстық іс қозғалды;
- дәріхана қызметкерлеріне байланысты 13 қылмыстық іс тіркелді;
- мыңнан астам медициналық ұйым мен 300-ге жуық кәсіпорын тексерілді;
- 209 әкімшілік құқық бұзушылық анықталды;
- 500 мыңнан астам дәрі-дәрмек пен 1,5 мың тонна прекурсордың заңсыз айналымы шектелді;
- 73 кәсіпорын басшысы жауапкершілікке тартылды;
- 136 медицина қызметкеріне қатысты материалдар жиналды.
Өңірлердегі нақты деректер де назар аударарлық.
Алматы қаласында рецептісіз дәрі сатқан төрт дәріхананың фармацевттеріне қатысты қылмыстық істер қозғалды.
Ақтөбе облысында ірі фармацевтикалық мекемеге қатысты іс тіркеліп, 400 мың дана дәрі тәркіленді.
Түркістан облысында 100 тонна күкірт қышқылының арнайы күзетсіз тасымалданғаны анықталса, Абай облысында 680 тонна прекурсорды тасымалдау талаптары бұзылған.
Ішкі істер министрлігі мұндай заң бұзушылықтардың қоғамдық қауіп төндіретінін атап өтіп, қолданыстағы заңнамаға сәйкес қатаң жауапкершілік қарастырылғанын ескертті.
Ведомство бұл бағыттағы бақылау шаралары алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасатынын мәлімдеді.



