Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Алматыда Almaty Half Marathon-ға 10 мыңнан астам адам қатысты

Алматыда өткен тоғызыншы Almaty Half Marathon халықаралық деңгейдегі ірі спорттық шараға айналды. Жарысқа 44 елден 10 мыңнан астам адам қатысып, шетелдік жүгірушілер саны бойынша рекорд жаңарды. Марафон қаланың туристік тартымдылығын арттырып, спорттық туризмді дамытуға үлес қосты.

19 сәуірде Алматыда тоғызыншы Almaty Half Marathon өтіп, оған 10 мыңнан астам адам қатысты. Жарысқа әлемнің 44 елінен қатысушылар жиналып, шетелдік желаяқтар саны бойынша соңғы тоғыз жылдағы ең жоғары көрсеткіш тіркелді. Бұл туралы Qandastar.kz сайты Zakon.kz порталына сілтеп хабарлады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, биылғы марафонға 821 шетелдік спортшы арнайы келген. Жалпы қатысушылардың басым бөлігі қазақстандықтар болғанымен, жыл сайын жарыстың халықаралық ауқымы кеңейіп келеді.

Шетелдік қатысушылардың ішінде ең көбі Ресейден (346 адам), Қырғызстаннан (146) және Өзбекстаннан (81) келген. Сонымен қатар Қытай, АҚШ, Ұлыбритания, Украина және Беларусь елдерінен де спортшылар қатысты.

Бұл марафон Азия, Еуропа, Америка, Африка және Таяу Шығыс елдерінен келген жүгірушілерді біріктіріп, Алматының халықаралық спорттық туризм орталығы ретіндегі маңызын арттыра түсті. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басқа қалалар мен елдерден келген қатысушылардың шамамен 79,3%-ы Алматыға қайта келуді жоспарлап отыр. Бұл қаланың туристік және инвестициялық тартымдылығының өсіп келе жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар жарыс барысында қатысушылар артық, бірақ жарамды жылы киімдерін қалдырып, олар кейін «Жылу» жобасы аясында мұқтаж жандарға таратылды.

Back to top button