
Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров Қасым-Жомарт Тоқаевқа Мұхтар Шахановтың дүниеден өтуіне байланысты көңіл айту жеделхатын жолдады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Жапаров жеделхатында ақынның тек Қазақстан үшін емес, бүкіл түркі әлемі үшін орны бөлек тұлға болғанын атап өтті.
Ол Мұхтар Шахановты қазақ халқының мақтанышы, Қырғызстанның халық ақыны және екі ел арасындағы достықты нығайтқан қайраткер ретінде сипаттады.
«Қазақ халқының біртуар перзенті, Қырғызстанның халық ақыны, белгілі мемлекет және қоғам қайраткері, Қазақстанның Қырғызстандағы тұңғыш Төтенше және Өкілетті Елшісі, Шыңғыс Айтматовтың және бүкіл қырғыз халқының досы Мұхтар Шахановтың қайтыс болғаны туралы қайғылы хабарды терең қайғымен қабылдадым», – делінген жеделхатта.
Қырғыз басшысы ақынның жарқын бейнесі мен елдер арасындағы бауырластыққа қосқан үлесі халық жадында мәңгі сақталатынын жеткізді.


