Көлік министрлігі Алматы-1 теміржол вокзалын қайта жаңғырту жұмыстары жалғасып жатқанын мәлімдеді. Ведомствоның мәліметінше, нысанда құрылыс-монтаж жұмыстарына 500-ден астам маман жұмылдырылып, олар тәулік бойы екі ауысыммен еңбек етуде, дейді Qandastar.kz.
Қазіргі таңда жобаның орындалу деңгейі 40 пайызға жеткен. Осы уақытқа дейін шатырдың жаңбыр суын ағызу жүйесі орнатылып, сыртқы демонтаж жұмыстары, витраждар мен инженерлік желілердің бірқатар бөлігі аяқталған. Сондай-ақ аралдық перрон платформасы салынып, уақытша электрмен жабдықтау желілері іске қосылған.
Қазір нысанда шатырды орнату, металл қаңқаны нығайту, инженерлік желілерді, жылыту, желдету және автоматты өрт сөндіру жүйелерін монтаждау, сондай-ақ ішкі қабырғалар мен қалқаларды тұрғызу жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Бұған қоса вокзалды заманауи технологиялық жабдықтармен жарақтандыру жалғасуда. Атап айтқанда, сыртқы және ішкі витраж жүйелері орнатылып, лифт, эскалатор, жылыту, желдету және ауаны баптау жүйелеріне қажетті инженерлік жабдықтар жеткізіліп, монтаждалуда.
Министрліктің мәліметінше, қайта жаңғырту нәтижесінде Алматы-1 вокзалының сәулеттік келбеті жаңарып, функционалдық мүмкіндіктері артады. Сондай-ақ жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасы мен жайлылық деңгейі жақсарып, нысан заманауи көлік инфрақұрылымының талаптарына сай болады.
Еске сала кетейік, бұған дейін Премьер-министр Олжас Бектенов Алматыдағы және еліміздің өзге өңірлеріндегі теміржол вокзалдарын жөндеу қарқынының баяу екенін сынға алған болатын. Ал Алматы қаласының әкімі Дархан Сатыбалды «Алматы-1» вокзалын жаңғыртып жатқан мердігер ұйымдарға жұмысты сапалы әрі белгіленген мерзімде аяқтау жөнінде ескерту жасаған еді.



