
Павлодарда телефон алаяқтарының кезекті айласы жұртты шошытты.
Қаскөйлердің айтқанына сенген екі зейнеткер торттың ішіне петарда салып, оны банк бөлімшесінде тұтатқан, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Оқиға сағат 16:00 шамасында Павлодар қаласындағы банктердің бірінде болған. Петарданың жарылуы салдарынан екі зейнеткер жеңіл жарақат алды.
Полицияның мәліметінше, зардап шеккендер бұған дейін жалған инвестициялық жобаларға ақша салып, ірі көлемде қаржысынан айырылған. Кейін алаяқтар қайта хабарласып, «ақшаңызды қайтарып береміз» деп сендіріп, психологиялық қысым арқылы торт пен петарда сатып алуға көндірген. Соңында олар қаскөйлердің нұсқауын орындап, торттың ішіне жасырылған петарданы банк ішінде тұтатқан.
Қазір аталған оқиғаға байланысты бірнеше қылмыстық іс қозғалды. Полицейлер күдіктілерді анықтау және ұстау жұмыстарын жалғастырып жатыр.
Ішкі істер министрлігі мұндай алаяқтық схемаларға ерекше сақ болуға шақырды. Ведомствоның айтуынша, алаяқтардың құрбаны болған адамдарды қаскөйлер қайта байланысқа шығып, «ақшаңызды қайтарамыз», «өтемақы аласыз» немесе «ұтыс ұттыңыз» деген сылтаумен тағы да алдауға тырысады.
Полиция азаматтарға бейтаныс адамдардың нұсқауын орындамауға, күмәнді қоңырауларды бірден тоқтатуға және мұндай жағдайларда дереу құқық қорғау органдарына хабарласуға кеңес береді. Сондай-ақ егде жастағы туыстарға алаяқтардың осы жаңа тәсілі туралы ескерту қажеттігін атап өтті.



