Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Алматыда LRT құрылысына байланысты Төле би көшесінде қозғалыс шектелді

Алматыда LRT құрылысына дайындық жұмыстары жалғасуына байланысты Төле би көшесінің бір бөлігінде уақытша көлік қозғалысы шектелді. Әкімдік жүргізушілерге жол бағытын алдын ала жоспарлап, уақытша жол белгілерін сақтауға кеңес берді.

Алматыда жеңіл рельсті көлік (LRT) жобасы аясындағы дайындық жұмыстары жалғасып жатыр. Осыған байланысты Төле би көшесінің бір бөлігінде көлік қозғалысына уақытша шектеу енгізілді. Бұл туралы Qandastar.kz хабарлады.

Қала әкімдігінің мәліметінше, Өтеген батыр көшесі мен Вилюйская көшесінің аралығында шығыс бағытындағы көлік қозғалысы уақытша тоқтатылды. Көлік кептелісін азайту мақсатында Төле би көшесінің солтүстік бөлігінде реверсивті қозғалыс ұйымдастырылған.

Әкімдік мәліметіне сәйкес, 16–18 шілде аралығында инженерлік желілерді көшіру жұмыстары жүргізіледі. Ал 18–20 шілде күндері дәл осындай жұмыстар көшенің қарама-қарсы бөлігінде жалғасады. Осы кезеңде реверсивті қозғалыс көшенің оңтүстік жағымен ұйымдастырылады.

Қала билігі жүргізушілерге жол бағытын алдын ала жоспарлап, уақытша орнатылған жол белгілерінің талаптарын қатаң сақтауды ұсынды.

Айта кетейік, LRT желісінің алғашқы кезеңі Момышұлы көшесінен басталып, Төле би көшесі мен Абылай хан даңғылы арқылы өтіп, «Алматы-2» теміржол вокзалына дейін созылады.

Еске салайық, бұған дейін Төле би көшесінде ескі трамвай рельстерін демонтаждау жұмыстары басталған болатын. Дайындық барысында құрылысшылар тарихи маңызы бар олжа тапқаны да хабарланған еді.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button