14 шілде күні Алматы қаласындағы танымал демалыс орындарының бірінде қатты жарылыс дауысы естіліп, арты ірі өртке ұласты, дейді Qandastar.kz.
Әлеуметтік желілерде тараған бейнежазбалардан ғимарат маңында демалып жатқан адамдардың жарылыстан кейін үрейлене қашқанын көруге болады. Шомылу киіміндегі демалушылар мен балалар оқиға орнынан шұғыл түрде эвакуацияланды. Кейбір ер азаматтар автотұрақта тұрған көліктерін қауіпсіз жерге айдап шығуға тырысқан.
Куәгерлердің айтуынша, жарылыстан кейін «Қонақ үй», «Караоке» және бассейн аймағы орналасқан кешеннің шатырынан қою қара түтін көтеріліп, ғимаратты жалын шарпыған. Оқиға орнына полиция қызметкерлері мен шұғыл көмек көрсету жасақтары жетті.
Қазіргі уақытта жарылыстың нақты неден болғаны және зардап шеккендер туралы ақпарат нақтылануда. Өрт сөндіру бригадалары тілсіз жауды ауыздықтау жұмыстарын жүргізіп жатыр.



