Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Алматы облысында көлік аулаға кіріп, екі әйелді жарақаттады

Алматы облысының Көксу ауылында көлік үйдің ауласына кіріп, туған күн тойлап отырған адамдарды қағып кеткен. Оқиға салдарынан екі әйел ауыр жарақат алып, полиция қылмыстық іс қозғады. Күдікті ұсталып, тергеу жүргізіліп жатыр.

Алматы облысында көлік жоғары жылдамдықпен жеке үйдің ауласына кіріп, адамдар отырған жерге соғылды. Жол апатынан екі әйел зардап шегіп, олардың бірі ауыр жарақат алып, аяғынан айырылу қаупі бар. Бұл туралы Qandastar.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Оқиға Қарасай ауданының Көксу ауылында болған. Сол сәтте үйдің ауласында тұрғындар туған күн мерекесін атап отырған. Кенет көлік қоршауды бұзып кіріп, ауладағы адамдарды қағып кеткен.

Жәбірленушілердің туыстары әлеуметтік желіде оқиға туралы жазып, жүргізушінің көлік басқаруға құқығы болмағанын айтып, істі әділ тергеуді талап етті.

Олардың айтуынша, апат салдарынан бір әйелдің бірнеше қабырғасы сынып, екіншісінің аяғына ауыр зақым келген. Туыстары көлік иесінің жауапкершілігі мен оқиғаның барлық мән-жайы толық анықталуы қажет екенін жеткізді.

Жәбірленуші тараптың мәліметінше, көлік тізгінінде 23 жастағы қыз болған. Алғашында ол көлікте жалғыз болғанын айтқанымен, кейін куәгерлер көлікте басқа адамдар да болғанын хабарлаған.

Алматы облысының полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

Ведомствоның мәліметінше, алдын ала тергеу барысында Mercedes-Benz автокөлігін басқарған 24 жастағы қыздың көлікті басқара алмай, екі жаяу жүргіншіні қағып кеткені анықталған. Зардап шеккендер медициналық мекемеге жеткізілген.

Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта полиция жол апатының барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу жұмыстарын жүргізіп жатыр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button