Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Алматы – Қаскелең жолы түбегейлі өзгереді: трасса 8 жолаққа дейін кеңейтіледі

Алматы мен Қаскелең арасындағы ең қарбалас жолдардың бірінде ауқымды жаңғырту жұмыстары басталды.

Енді «Алматы – Бішкек» автожолының Алматыдан Қаскелеңге дейінгі 8 шақырымдық бөлігі 8 жолаққа дейін кеңейтіледі, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Жоба жолдың өткізу қабілетін арттырып, күнделікті кептелісті азайтуға және көлік қозғалысының қауіпсіздігін жақсартуға бағытталған.

Құрылыс аясында заманауи инфрақұрылым салынады. Атап айтқанда:

  • 9 жерүсті жаяу жүргіншілер өткелі;
  • 2 кері бұрылысқа арналған көлік айрығы;
  • автопавильондары бар 23 автобус аялдамасы;
  • 12,9 шақырым сыртқы жарықтандыру желісі;
  • су өткізу құрылыстары мен қауіпсіздік элементтері орнатылады.

Сонымен қатар жол бойына 18,5 шақырымнан астам металл қоршау қойылып, 305 жаңа жол белгісі орнатылады.

Қазір құрылыс алаңында экскаваторлар, бульдозерлер, автогрейдерлер мен өзге де арнайы техникалар жұмыс істеп жатыр. Мамандар топырақ қабатын алып, аумақты келесі құрылыс кезеңдеріне дайындауда.

Жобаны жүзеге асыру нәтижесінде Алматы – Қаскелең бағытындағы көлік қозғалысы анағұрлым ыңғайлы болып, жүк және жолаушылар ағынын өткізу мүмкіндігі едәуір артады.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button