
Астанада әлеуметтік желіде өзін әскерде зорланғанын айтып, жұрттан қаржылай көмек сұраған 23 жастағы жігітке сот үкімі шықты, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Тергеу мәліметінше, ол биыл ақпан айында анонимді жазба жариялап, өміріне қауіп төніп тұрғанын айтып, шетелге кету үшін ақша жинаған. Постта банк картасының реквизиттері де көрсетілген.
Кейін оның айтқандарының бәрі жалған екені анықталды. Ер адам ешқашан әскери қызметте болмаған. Ақша жинау үшін ол мән-жайдан хабарсыз 17 жастағы танысының банк шотын пайдаланған.
Екі күн ішінде көрсетілген есепшотқа 15-тен астам ақша аударымы түскен.
Сот барысында айыпталушы бұл әрекетін тек ақша табу мақсатында жасағанын мойындады.
Нәтижесінде алаяқтық және көрінеу жалған ақпарат тарату баптары бойынша кінәлі деп танылып, 3 жылға бас бостандығынан айырылды.



