Астананың Нұра ауданында орналасқан Е-36 көшесіндегі 18 қабатты тұрғын үйде өрт шықты, деп Qandastar.kz хабарлады.
Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, алғашқы өрт сөндіру бөлімшелері оқиға орнына жеткен кезде ғимараттың алтыншы қабатынан қою түтін шығып жатқан. Өрт сөндірушілер дереу жалынды сөндіруге кірісіп, үздіксіз су беріп, тұрғындарды қауіпсіз жерге эвакуациялаған.
Кейін ведомство өрттің толық сөндірілгенін мәлімдеді. Алдын ала мәлімет бойынша, жалын алтыншы қабаттағы пәтердің балконы мен асүйін шарпыған. Оқиға салдарынан зардап шеккендер тіркелген жоқ.
Төтенше жағдайлар департаменті жариялаған бейнежазбада тұрғындардың өрт сөндірушілерге көмек көрсетіп, арнайы техниканың кедергісіз өтуі үшін ауладағы көліктерді қолмен жылжытқаны көрінеді.



