Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Астанада өтіп жатқан «Болашақ ойындары – 2026» халықаралық турнирінің ашылу салтанатына қатысып, жарыстың ресми ашылуын жариялады. Бұл туралы Qandastar.kz сайты хабарлады.
Президент өз сөзінде қатысушылар мен қонақтарды Қазақстан астанасында қарсы алуға қуанышты екенін айтып, турнирдің мемлекеттер арасындағы достық пен ынтымақтастықты нығайтудағы маңызын атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстанның мұндай ауқымды халықаралық жарысты алғаш рет қабылдауы – ел үшін үлкен мәртебе.
Сондай-ақ Қасым-Жомарт Тоқаев Ресей президенті Владимир Путиннің Қазақстан мен жарысқа қатысушы спортшыларға жолдаған құттықтауын жеткізіп, оған жылы лебізі үшін алғыс білдірді.
Мемлекет басшысы ашылу рәсіміне Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев және Қырғызстан президенті Садыр Жапаровтың қатысып отырғанын атап өтіп, бауырлас елдердің басшылары мен ресми делегация жетекшілеріне ризашылығын жеткізді.
Президенттің айтуынша, «Болашақ ойындары» Ресейдің бастамасымен жүзеге асқан жоба. Ол жарыстың қысқа уақыт ішінде халықаралық деңгейдегі беделді додаға айналғанын айтып, алғашқы турнир Қазан қаласында, кейінгісі Абу-Дабиде өткенін еске салды.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың мәліметінше, биылғы жарысқа 30-дан астам елден шамамен 800 спортшы келген. Президент Астанадағы турнир дәстүрлі спорт пен киберспортты біріктіретін фиджитал қозғалысының дамуына жаңа серпін беретініне сенім білдірді.



