Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Ақсу-Жабағылыдағы құтқару операциясы: бір турист көз жұмып, екіншісі эвакуацияланды

Түркістан облысындағы Ақсу-Жабағылы мемлекеттік табиғи қорығында орналасқан Шүнкілдек асуында ТЖМ құтқарушылары күрделі құтқару операциясын жүргізді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Ведомствоның мәліметінше, теңіз деңгейінен 2400 метр биіктікте жүрген екі адамның бірі өзін жайсыз сезініп, көз жұмған. Бұл туралы оның жанындағы азамат хабарлаған. Кейін оның өзі де денсаулығының нашарлауына байланысты таудан өздігінен түсе алмайтынын айтып, көмек сұраған.

Оқиға орнына ТЖМ құтқарушылары мен «Қазавиақұтқару» АҚ тікұшағы жіберілді. Тікұшақтың көмегімен 1993 жылы туған ер адам қауіпсіз жерге эвакуацияланып, дәрігерлердің тексеруінен өтті. Оның жағдайы тұрақты болғандықтан, ауруханаға жатқызу қажет болмаған.

Сондай-ақ құтқарушылар 1978 жылы туған ер адамның мәйітін таудан түсірді. Алдын ала мәлімет бойынша, ол денсаулығының күрт нашарлауынан қайтыс болған.

 

ТЖМ азаматтарды тауға шығар алдында бағыты туралы жақындарына алдын ала хабарлап, ауа райы болжамын ескеруге, сондай-ақ байланыс құралдарын, жеткілікті су мен дәрі қобдишасын бірге алып жүруге шақырды.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button