Әлем жаңалықтарыЖаңалықтар

Франкфурт әуежайында безгек жұқтырған екі қызметкер қайтыс болды

Германиядағы Франкфурт әуежайында безгек инфекциясын жұқтырған екі қызметкер көз жұмды, тағы төртеуі ем қабылдап жатыр. Мамандар инфекцияны тасымалдаған масалар халықаралық рейстердің бірімен келген болуы мүмкін деген болжам жасап отыр.

Германиядағы Франкфурт әуежайында алты қызметкер безгек инфекциясын жұқтырып, олардың екеуі қайтыс болды. Қалған төрт адам дәрігерлердің бақылауында ем қабылдап жатыр. Бұл туралы Qandastar.kz сайты BBC-ге сілтеме жасап хабарлады.

Алдын ала болжам бойынша, инфекцияны таратқан масалар әуежайға халықаралық рейстердің бірімен келген болуы мүмкін. Осыған байланысты әуежай аумағында арнайы тұзақтар орнатылып, ұсталған жәндіктер зертханалық сараптамаға жіберілді.

Fraport компаниясының өкілінің айтуынша, қайтыс болған қызметкерлердің бірі безгек асқынуынан көз жұмған. Әуежай әкімшілігі барлық қызметкерлерге аурудың белгілері туралы ескертіп, күмәнді симптомдар байқалған жағдайда дереу медициналық көмекке жүгінуге кеңес берген.

Инфекцияны жұқтырғандардың барлығы – әртүрлі бөлімде жұмыс істейтін алты ер адам. Қазір мамандар олардың бір масадан немесе бірнеше түрлі масадан жұқтырғанын анықтау үшін қан сынамаларын зерттеп жатыр.

Роберт Кох институтының мәліметінше, алғашқы төрт жағдай шілде айының басында тіркелген. Мамандар сол кезде-ақ ауруды тасымалдаған масалардың ұшақ бортында болғанын болжаған.

Әзірге Германия билігі инфекцияны алып келген масалар қай елден ұшып келген әуе кемесінде болғанын жариялаған жоқ.

Институттың мәліметінше, Германияда безгек деректері көбіне ауру кең таралған елдерден келген адамдар арасында анықталады. Ал инфекцияның тікелей әуежай аумағында жұғуы өте сирек кездесетін жағдай саналады.

Мамандардың айтуынша, науқас шетелге шықпаған болса, дәрігерлер бірден безгек диагнозын қоя бермейді. Соның салдарынан ауру кеш анықталып, асқыну қаупі артады.

Айта кетейік, Франкфурт әуежайында «әуежайлық безгек» деп аталатын осындай жағдай 2023 жылы да тіркелген болатын.

Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының дерегіне сәйкес, безгек – масалар арқылы таралатын паразиттік ауру. Ол көбіне тропикалық аймақтарда кездеседі, алдын алуға және емдеуге болады. Ауру адамнан адамға тікелей жұқпайды, алайда дер кезінде емделмесе, өмірге қауіп төндіруі мүмкін.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button