
Алматы әуежайында ірі есірткі контрабандасының жолы кесілді, деп хабарлайды qandastar.kz порталы Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
ІІМ мәліметінше, Бангкоктан ұшып келген 20 жастағы шетелдік жолаушы ұсталған.
Тексеру кезінде оның жанынан жалпы салмағы шамамен 11 келі болатын гашиш майы табылды. Есірткі 12 пластикалық ыдысқа жасырылған.
Операция полиция мен ҰҚК Шекара қызметінің бірлескен жұмысы нәтижесінде жүзеге асты.
Жыл басынан бері Қазақстанда есірткі контрабандасының 57 дерегі анықталған.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, күдікті қамауға алынды. Оған 20 жылға дейін немесе өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
ІІМ өкілдері есірткі трафигіне қарсы күрес жалғасатынын мәлімдеді.



