
Жамбыл облысында TikTok желісіндегі тікелей эфир кезінде көрермен мен донат жинау үшін бір-біріне күш қолданып, балағат сөздер айтқан екі тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Байзақ аудандық сотының мәліметінше, оқиға шілде айында Сарыкемер ауылында болған.
19 жастағы қыз бен ер адам әлеуметтік желідегі эфир барысында аудиторияның назарын аудару мақсатында әдейі бір-біріне физикалық зиян келтіріп, бірнеше рет бейәдеп сөздер қолданған.
Сот мұндай әрекеттер қоғамдық тәртіпті бұзып, қоғамға құрметсіздік танытқанын атап өтті.
Құқық бұзушылық олардың өздерінің түсініктемелерімен, полиция хаттамаларымен, әлеуметтік желідегі мониторинг материалдарымен және тікелей эфирдің бейнежазбасымен дәлелденген.
Сотта екі азамат та кінәсін толық мойындады. Қыз жасаған ісіне өкініп, қаржылық жағдайын ескеріп, қоғамдық жұмысқа тартуды сұраса, ер адам айыппұл салуды өтінген.
Сот қаулысымен 19 жастағы азаматша 30 сағат қоғамдық жұмысқа тартылды. Ал екінші құқық бұзушыға 86 мың теңге көлемінде айыппұл салынды.



