
Ақтауда 10-қабаттың ашық терезесінен сыртқа шығып кеткен баланы полицейлер дер кезінде құтқарып қалды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Оқиға бүгін кешкі сағат 19:28 шамасында болған. «102» арнасына тұрғын үй кешендерінің бірінде кәмелетке толмаған баланың көпқабатты үйдің 10-қабатындағы терезенің сыртқы жақтауында тұрғаны туралы шұғыл хабарлама түскен.
Оқиға орнына санаулы минуттарда жеткен патрульдік полиция қызметкерлері баланың толықтай терезеден сыртқа шығып кеткенін көрген. Жағдай өте қауіпті болғанына қарамастан, полицейлердің жедел әрі кәсіби әрекетінің арқасында бүлдіршін аман-есен құтқарылды.
Қайғылы жағдайдың алдын алуға Ақтау қаласы Полиция басқармасы патрульдік полиция батальонының қызметкерлері – полиция капитаны Ержан Көкенов пен полиция лейтенанты Данияр Татиевтің батыл әрекеті себеп болды.
Осы оқиғадан кейін Маңғыстау облысының Полиция департаменті ата-аналарға қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауға шақырды. Ведомство балаларды қараусыз қалдырмауды, ашық терезелерге арнайы қорғаныс құрылғыларын орнатуды және терезе маңына бала шығып кетуі мүмкін жиһаздарды қоймауды ескертті.
Полицейлердің айтуынша, балалардың қауіпсіздігі ең алдымен ересектердің жауапкершілігі мен қырағылығына байланысты.



