Әлеумет және қоғамБасты жаңалықтарЖаңалықтар

КҚК терминалындағы танкерге тағы дрон шабуылы жасалды

Қазақстан мұнайын тиеп жатқан танкерге тағы дрон шабуылы жасалды, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.

Каспий құбыр консорциумының Қара теңіздегі теңіз терминалында Қазақстан мұнайын тиеп жатқан тағы бір танкер ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшырады.

Консорциумның мәліметінше, оқиға 30 шілдеде Мәскеу уақыты бойынша сағат 01:48-де болған. Сол сәтте NISSOS SIFNOS танкері №3 қашықтағы тиеу құрылғысында «Теңізшевройлдың» мұнайын қабылдап жатқан.

Шабуыл салдарынан кеменің жүк палубасындағы мұнай қабылдау аймағында өрт шыққан. Жалынды танкер экипажы мен КҚК-ның көмекші кемелері сөндірді.

Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғадан зардап шеккендер жоқ. Мұнайдың теңізге төгілуі де тіркелмеген.

КҚК хабарлауынша, дрондар тек NISSOS SIFNOS кемесіне ғана емес, терминалдан шамамен алты теңіз милі қашықтықта болған MARATHI танкеріне де шабуыл жасаған.

Консорциум мұндай оқиғалар халықаралық энергетикалық инфрақұрылымның қауіпсіздігіне қатер төндіріп отырғанын мәлімдеді. Сондай-ақ КҚК өкілдері халықаралық қауымдастықтың энергетикалық нысандарға күш қолдануға жол бермеу жөніндегі үндеулері ескерілмей отырғанын атап өтті.

Айта кетейік, бұл КҚК терминалындағы алғашқы шабуыл емес. Бұған дейін де консорциум инфрақұрылымы мен Қазақстан мұнайын тасымалдаған азаматтық танкерлер бірнеше мәрте дрондардың нысанасына айналған. Осыған байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі мұндай әрекеттерді қатаң айыптаған болатын. Ал Қазақстандағы Украина елшісі Виктор Майко Украина тарапы бұл шабуылдарға қатысы бар деген ақпаратты жоққа шығарған.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button