
Қазақстанның Энергетика министрлігі Каспий құбыр консорциумының теңіз терминалы ауданында болған оқиғаға қатысты мәлімдеме жасады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Министрліктің хабарлауынша, 30 шілде күні Nissos Sifnos танкері үшінші айлақта мұнай тиеу жұмыстарын аяқтап жатқан кезде тиеу манифольды маңында ұшқышсыз ұшу аппараттарының шабуылына ұшыраған. Осыған байланысты қауіпсіздік мақсатында КҚК мұнай тиеу жұмыстарын уақытша тоқтатқан.
Сондай-ақ, терминалға бет алған Marathi танкері де КҚК теңіз терминалынан шамамен 6–7 теңіз милі қашықтықта дрондардың шабуылына тап болған.
Алдын ала мәлімет бойынша, оқиғадан ешкім зардап шеккен жоқ, мұнайдың теңізге төгілуіне жол берілмеген. Шабуылдан кейін шыққан өрт КҚК-ның үш буксирінің көмегімен толық сөндірілді.



