
КҚК жүк жөнелтушілерден мұнай қабылдауды және Новороссийскідегі теңіз терминалы арқылы тиеу жұмыстарын қайта бастады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қазір консорциумның екі айлақ құрылғысында SEAMAJESTY және MILOS танкерлеріне мұнай тиеліп жатыр. Екі кеме де «Теңізшевройл» өндірген мұнайды қабылдауда.
Мұнай қабылдаудың қайта жандануы өндіруші компанияларға шикізатты құбыр арқылы тасымалдауды жалғастырып, экспорттық жеткізілімдерді қайта іске қосуға мүмкіндік береді.
Энергетика министрлігінің мәліметінше, терминалдағы жұмыстар қауіпсіздік талаптарын сақтай отырып жүргізілуде. Ведомство КҚК басшылығымен және мұнай жөнелтуші компаниялармен бірлесіп жағдайды бақылауды әрі қазақстандық мұнайдың үздіксіз тасымалдануын қамтамасыз етуді жалғастырып жатыр.



