Әлеумет және қоғамЖаңалықтар

Қазақстан халқының саны 20,6 миллионнан асты

Ұлттық статистика бюросының жаңартылған мәліметіне сәйкес, 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша Қазақстан халқының саны 20,6 миллионнан асты. Жыл басынан бері тұрғындар саны 104 мыңнан астам адамға көбейген. Халық саны бойынша Алматы көш бастап тұр, ал өңірлер арасында Түркістан облысы бірінші орында.

Ұлттық статистика бюросы Қазақстан халқының санына қатысты жаңартылған деректерді жариялады. Ресми мәліметке сәйкес, 2026 жылғы 1 тамыздағы жағдай бойынша ел тұрғындарының саны 20 604 819 адамға жеткен. Бір ай бұрын, яғни 1 шілдеде бұл көрсеткіш 20 590 589 адам болған, дейді Qandastar.kz сайты.

Жыл басынан бері халық саны 104 997 адамға артқан. Оның 99 419-ы табиғи өсімнің, ал 5 578-і көші-қонның есебінен тіркелген.

Қазіргі таңда Қазақстан қалаларында 13 085 110 адам, ал ауылдық жерлерде 7 414 712 адам тұрады.

Еліміздегі халқы ең көп қала – Алматы. Мұнда 2 348 103 тұрғын бар. Одан кейін Астана – 1 639 176 адам, ал Шымкентте 1 294 050 адам тұрады.

Өңірлер арасында халық саны ең көп облыс – Түркістан облысы. Ондағы тұрғындар саны 2 149 205 адамға жеткен. Кейінгі орындарда Алматы облысы (1 596 532 адам) және Жамбыл облысы (1 215 656 адам) тұр.

Ал халқы ең аз өңір ретінде Ұлытау облысы тіркелді. Бұл өңірде 219 049 адам тұрады.

Бұған дейін Ұлттық статистика бюросы 2026 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша Қазақстанда 10 065 819 ер адам және 10 524 770 әйел бар екенін хабарлаған.

Сондай-ақ Үкіметтің жоспарына сәйкес, 2035 жылға қарай Астана халқының санын 2 млн 275 мың адамға дейін жеткізу көзделіп отыр.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button