Әлеумет және қоғамЖаңалықтарҚаржы және төлемдер

Қазақстанда доллардағы депозиттердің үлесі рекордтық төмен деңгейге түсті

Қазақстандағы банктердегі депозиттердің 80%-дан астамы ұлттық валютада сақталады. Ұлттық банк төрағасы теңгедегі салымдардың табыстылығы долларлық депозиттерден жоғары болғанын айтты.

Қазақстанда банктердегі депозиттердің доллармен сақталатын үлесі тарихи төмен деңгейге түсті. Қазір шетел валютасындағы салымдардың үлесі 19%-дан сәл ғана асады. Бұл туралы Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов мәлімдеді, дейді Qandastar.kz сайты.

Салыстыру үшін, үш-төрт жыл бұрын доллардағы депозиттердің үлесі 30-35% шамасында болса, бес-алты жыл бұрын бұл көрсеткіш шамамен 60%-ға жеткен.

Қазіргі таңда жеке тұлғалардың банктердегі депозиттерінің жалпы көлемі 30 триллион теңгеге жеткен. Заңды тұлғалардың салымдарын қоса есептегенде, банктердегі депозиттердің жалпы көлемі 46-47 триллион теңгені құрайды.

50 миллион теңгеге дейінгі депозиттердің шамамен 91-92%-ы ұлттық валютада сақталады.

Тимур Сүлейменовтің айтуынша, долларды бүгінде негізінен ауқатты қазақстандықтар жинақтарын әртараптандыру мақсатында ұстайды. Оның сөзінше, жыл басынан бері теңге шамамен 10%-ға нығайған, ал теңгедегі депозиттердің орташа кірістілігі 18-19% болған.

Ұлттық банк басшысы теңгедегі депозиттің пайыздық табысы мен ұлттық валютаның нығаюын бірге есептегенде, салымшының кірісі 25-30%-ға дейін жетуі мүмкін екенін атап өтті. Ал долларлық депозиттердің табыстылығы шамамен 1% болған.

Сүлейменов 550 теңге бағамымен доллар сатып алған азаматтардың қазір шығынға ұшырағанын айтты. Оның пікірінше, олар бағам айырмасынан бөлек, қаражатын теңгелік депозитке орналастырып, табыс табу мүмкіндігін де жіберіп алған.

Сонымен қатар Ұлттық банк төрағасы өзінің депозиті жоқ екенін мәлімдеді.

Бұған дейін Ұлттық банк Қазақстандағы базалық мөлшерлемені 16,25%-ға дейін төмендеткені хабарланған болатын.

Ұқсас Мақалалар

Back to top button