
Алматыда дәрігерлер өмірге келгеніне бір күн ғана болған нәрестеге күрделі ота жасап, салмағы екі келі болатын ісікті алып тастады, деп хабарлайды qandastar.kz порталы.
Қыз бала туған кезде небәрі төрт келі тартқан.
Нәресте тамыздың 18-інде дүниеге келген. Дәрігерлер оның сегізкөз-құйымшақ тұсында көлемді түзіліс барын бірден анықтаған. Сәби арнайы медициналық көмек көрсету орталығына жеткізіліп, жаңа туған нәрестелер реанимациясына жатқызылды.
Келесі күні хирургтер іске кіріскен. Екі сағаттан астам уақытқа созылған операция барысында мамандар тератоманы толық алып тастап, кейін зақымдалған аймаққа пластикалық қалпына келтіру жасаған.
Дәрігерлердің айтуынша, ісіктің құрамында сүйек, жұмсақ тіндер және кистозды қуыстар болған. Оның салмағы екі келіге жеткен — яғни нәрестенің туғандағы салмағының шамамен жартысына тең.
«Бұл тәжірибеміздегі ең күрделі оталардың бірі болды», — деді хирург Саматбек Мырзахмет.
Қазір нәрестенің жағдайы жақсы. Дәрігерлердің мәліметінше, ол жақын арада үйіне шығарылады.
Қыздың бойындағы тератома жүктіліктің 20-аптасында жасалған скрининг кезінде анықталған. Соған қарамастан ата-анасы жүктілікті сақтап қалуға шешім қабылдап, мамандардың тұрақты бақылауында болған.
Жүктілік 34 аптаға жеткенде анасының денсаулығына байланысты босандыру туралы шешім қабылданып, қыз бала кесарь тілігі арқылы дүниеге келген.
Нәрестенің анасы бұл олардың төрт ұлдан кейін көптен күткен қызы екенін айтты. Оның сөзінше, бала дүниеге келгеннен кейін дәрігерлердің жедел әрекеті сәбиінің өмірін сақтап қалуға мүмкіндік берген.
Мамандардың айтуынша, сегізкөз-құйымшақ тератомасы ұрықтың ана құрсағында жатқан кезінде қалыптасады. Кей жағдайда түзіліс нәрестемен бірге өсіп, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін. Сондықтан мұндай жағдайларда баланы туғаннан кейін ұзақ күттірмей, қажетті емді бастау маңызды.
Ал Алматыдағы Балалар шұғыл медициналық көмек көрсету орталығына жыл басынан бері 96 жаңа туған нәресте жеткізілген. Олардың 72-сіне хирургиялық ем қажет болған.



